Әлем чемпионы Өзбекстан құрамасын жаттықтыруы мүмкін

FAUzbekistan
Әлем футболының беделді мамандарының бірі — Йоахим Лёв Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері атануы мүмкін. Бұл ақпаратты Bassport.kz порталы Championat.Asia-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Германия құрамасын 17 жыл басқарған және 2014 жылы әлем чемпионатында жеңіске жеткен Йоахим Лёвке Өзбекстан футбол қауымдастығы 5 жылдық келісімшарт ұсынғаны белгілі болды.
Құжатқа сәйкес, ол 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталған соң құрама тізгінін ресми түрде қолына алуы мүмкін.
«Жаңа бас бапкер лауазымына үміткерлер арасында Йоахим Лёвтің есімі де бар. Ол Германия құрамасымен бірге әлем чемпионатын ұтып, тәжірибесімен бүкіл футбол әлеміне танылған. Өзбек жанкүйерлері бұл кандидатураны қызу талқылап жатыр», — делінген Championat.Asia хабарламасында.
Алайда мамандар мен жанкүйерлер арасында күмәнді пікірлер де айтылуда. Көпшілігі Лёвтің төрт жыл бойы ресми түрде ешқандай команданы жаттықтырмағанына, сондай-ақ оның шектеулі инфрақұрылым жағдайында жұмыс істеп көрмегеніне назар аударады.
Еске салайық, бұған дейін Йоахим Лёв Өзбекстан құрамасына 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде кеңесші ретінде шақырту алғанын растаған. Алайда бұл ұсыныс аясында нақты шешім әлі қабылданған жоқ.