Төрехан Сабырхан Азия чемпионатына қатысатын U-22 жастар құрамасына неге енбеді?

1bol.kz
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Азия чемпионатына қатысатын U-22 жастар құрамасына енбей қалды, деп хабарлайды Bassport.kz ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
U-22 құрамасының Азия чемпионаты-2025 турниріне қатысатын ресми құрамы жарияланды. Байрақты бәсеке 30 шілде мен 12 тамыз аралығында Таиландтың Бангкок қаласында өтеді.
Бас бапкер Бақыт Сәрсекбаев бұл шешімді былай деп түсіндірді:
«Таиландтағы чемпионат алдында Қырғызстан құрамасымен Ыстықкөлде бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл жолы ұлттық құрамадан да боксшылар тартылды. Әр салмақта спаррингтік кездесулер ұйымдастырдық. Конкуренция өте жоғары болды. Құрамға енген жігіттердің барлығы – алтын үшін айқасуға дайын».
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан бұған дейін жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында төрт мәрте жеңіске жеткен тұңғыш боксшы ретінде тарихқа енген. Бұған дейін Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов оның U-22 құрамасына енуі мүмкін екенін айтқан болатын. Алайда соңғы тізімде Сабырханның есімі жоқ.
Бұдан екі ай бұрын Шри-Ланкада өткен жарыста Сәрсекбаев шәкірттері 10 алтын мен 2 күміс медаль иеленген еді. Бірақ биылғы құрамда елеулі өзгеріс бар. Өткен жолы өнер көрсеткендердің ішінен тек үшеуі қалды: Нұрислам Қалдубаев (60 кг), Аман Қонысбеков (75 кг) және Азатбек Жолдасхан (85 кг). Қалғандары — ұлттық құраманың негізгі мүшелері.
Азия чемпионатына 25 елден 396 боксшы (237 ер, 159 әйел) қатысады.