Адаместің Әлімханұлына қарсы жекпе-жектен бас тартудың себебі белгілі болды

Sport Pulse
Орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамес пен WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы арасындағы біріктіруші жекпе-жектің өтпей қалуына қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Бұл туралы Bassport.kz Broadway Joel есімді доминикан-америкалық бокс шолушысына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін бокс саласының саудиялық инвесторы Турки әл аш-Шейх Адаместі жекпе-жекті болдырмай қойғаны үшін ашық айыптап, оған Сауд Арабияда өтетін жекпе-жекке ұсыныс жасағанын айтқан. Алайда бірнеше күн ішінде жауап болмаған соң, ұсынысын кері қайтаруға мәжбүр болған.
Broadway Joel Адамес командасымен байланыс орнатып, келесі жайттарды білді:
«Адамес командасы Сауд Арабиядағы жекпе-жек үшін жоғарырақ гонорар талап еткен. Ал АҚШ-тағы жекпе-жекке төменгі сомаға келіскен. Олардың сөзінше, Сауд Арабиядағы соңғы сапар кезінде жағымсыз жағдайлар болған – әуежайда кешігу, Турки әл аш-Шейхтің жекпе-жек кезінде қарсыласының бұрышына келіп, Хамза Шираз алда келе жатыр деп айтуы. Нәтижесінде жекпе-жек тең аяқталып, Адамес өзін жеңімпаз санаған. Сондықтан ол: “Сол елге тағы барсам, өтемақы алғым келеді. Ал егер жекпе-жек Америкада өтсе, аз сомаға да дайынмын”, – деген».
Бұл жағдай Карлос Адамес пен оның командасының жекпе-жек орны мен қаржылық шарттарға байланысты келіссөздерге кедергі болғанын көрсетеді. Ал Жәнібек Әлімханұлы әлемдік ареналарда өз салмағында абсолютті чемпион болуға бір қадам жақындап қалды.