Түркістандық балуандар Азия чемпионатында топ жарды

Түркістандық балуандар Азия чемпионатында топ жарды
Күрес

2025 жылғы 21–26 маусым аралығында Вьетнамның Вунгтау қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтті. 

Құрлықтың әр түкпірінен жиналған таңдаулы балуандардың басын қосқан байрақты дода жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аса тартысты белдесулерге толы болды.

Аталған чемпионатта Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған Түркістан облысының еркін күрес шеберлері айрықша нәтижелерімен көзге түсті. Атап айтқанда, 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен дарынды балуан Бекасыл Асанбек қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен ұтып, үшінші мәрте Азия чемпионы атанды.

Сондай-ақ, 71 келі салмақта белдескен тағы бір түркістандық спортшы Нұртай Наров күміс жүлдеге ие болып, өңір намысын абыроймен қорғады.

Жас балуандардың бұл жетістігінде олардың бапкерлері – Мықтыбек Қуашов пен Бақытжан Бердиевтің еңбегі орасан. Ұзақ жылдық тәжірибе мен жүйелі жаттығудың нәтижесінде шәкірттері халықаралық аренада биік белестерді бағындыруда.