Дастан Сатпаев Чемпиондар лигасы тарихына енді

KFF
Қазақстан құрамасының және алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сатпаев Еуропа Чемпиондар лигасының тарихындағы ең жас гол соққан футболшылар тізімінде үздік үштікке кірді. Бұл туралы Bassport.kz «Спорт Шредингера» порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Тізімнің көшін швед Николас Беркрот бастап тұр. Ол «Гетеборг» сапында 16 жас 6 ай 4 күнінде Сан-Мариноның «Муратасына» (4:0) қарсы ойында гол соққан. Екінші орында — поляк Влодзимеж Любаньски. Ол 1968 жылы «Гурник» клубының намысын қорғап, чехиялық «Дукла» қақпасына 16 жас 8 ай 16 күнінде доп енгізген. Үздік үштікті қазақстандық Дастан Сатпаев түйіндеп тұр — ол гол соққанда жасы 16 жас 10 ай 26 күн болған. Бұл — қазіргі таңда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі тарихи көрсеткіштердің бірі саналады.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының ресми статистикасында тек негізгі кезеңдегі (бұрынғы топтық тур) рекордтар есепке алынады. Сол тізімде ең жас гол авторы — «Барселона» клубының бұрынғы футболшысы Ансу Фати. Ол 2019 жылы 10 желтоқсанда 17 жас 40 күнінде «Интер» қақпасын дәл көздеген. Екінші орында — жуырда ғана 18 жасқа толған Ламин Ямаль.