«Барселона» Ямальды құрамнан алып тастады

Sportbox
Каталониялық «Барселонаның» жас жұлдызы Ламин Ямаль тәртіптік мәселеге байланысты команда құрамынан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды Bassport.kz Meczyki сайтына сілтеме жасап.
Бұл жағдай футболшының жақында жарық көрген автобиографиялық кітабындағы бір эпизодпен байланысты. 2023 жылы Испанияның жасөспірімдер құрамасында ойнап жүрген кезінде Ямаль «Атлетико» ойыншысы Даниэль Муньос және «Реал» футболшысы Хесус Фортеамен бірге ұлттық құраманың психологын жасырын нөмірден телефон арқылы қорқытып, орынсыз әзіл жасаған.
Оқиға сол кезде полицияға дейін жетіп, психолог шағым түсірген. Сол себепті, арада уақыт өтсе де, оқиға қайтадан көтеріліп, кеңінен талқыланып жатыр — әсіресе Ямальдың танымалдығы күрт артқан сәтте.
Клуб басшылығы бұл әрекеттің этикаға сай келмейтінін айтып, 17 жастағы футболшыны төрт матчқа шеттету туралы шешім қабылдады.
Өткен маусымда Ла Лигада Ямаль 35 ойын өткізіп, 9 гол соғып, 15 нәтижелі пас берген. Ол Чемпиондар лигасында да көзге түсіп, қазіргі таңда «Алтын доп» жүлдесіне үміткерлер қатарында аталып жүр.
Айта кетейік, жуырда Ямальдың досы Нико Уильямстың «Атлетиктан» «Барселонаға» ауысуы жүзеге аспай қалған еді.