Шавкат Рахмонов жарақаты жайлы айтып, UFC-ге қашан оралатынын мәлімдеді

Шавкат Рахмонов жарақаты жайлы айтып, UFC-ге қашан оралатынын мәлімдеді
Жекпе-жек

Матч ТВ

Қазақстандық ММА жұлдызы Шавкат Рахмонов жарақатынан кейінгі жағдайын баяндап, UFC-ге қайта қашан оралатынын айтты, деп хабарлайды Bassport.kz.

Айта кетейік, Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың желтоқсанында өткізіп, төрешілер шешімімен ирландиялық Иэн Гэрриді жеңген болатын. Осыдан кейін ол жартылай орта салмақта чемпиондық белбеуге басты үміткер атанған еді. Алайда жарақатына байланысты Белал Мұхаммедпен кездесуінен бас тартуға мәжбүр болды.

— Жыл соңына дейін октагонға қайта оралуыңыз мүмкін бе?
— Әрине, басты мақсат — жарақаттан толық айығу және спорттық формаға оралу. Егер бәрі ойдағыдай болса, жыл соңында жекпе-жекке шыққым келеді. Бірақ бәрі біздің дивизиондағы чемпиондық белбеу тағдырына байланысты. Қазір титулдық кездесудің кейінге шегерілуіне байланысты күтіп отырмын. Сол себепті жағдайды бақылап, командамен бірге ақылдаса отырып шешім қабылдаймыз, — деді Рахмонов.
— Жарақатыңыз қаншалықты ауыр?
— Толығырақ айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазір ем алып жатырмын. Мұндай жағдай әр спортшының басынан өтеді. Біздің спортта жарақатсыз, ауыртпалықсыз жеңіске жету мүмкін емес, — деп түйіндеді Шавкат.

Еске сала кетейік, Шавкат Рахмонов кәсіпқой мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Қазіргі таңда UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесінде үшінші орында тұр.