«Өзбек боксының қорқынышы» Төрехан Сабырхан әлем чемпионатына қатысады

«Өзбек боксының қорқынышы» Төрехан Сабырхан әлем чемпионатына қатысады
Бокс

Sport Plus Qazaqstan

«Қазақ Ломаченкосының» інісі атанған Төрехан Сабырхан 2025 жылы 4–14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өтетін бокстан әлем чемпионатына қатысуы мүмкін, деп хабарлайды Bassport.kz.

Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов ұлттық команданың алдын ала құрамын жариялады. Оның айтуынша, әлем біріншілігіне негізінен ел ішіндегі іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен боксшылар барады.

– Әр салмақта нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Алда тағы бірнеше халықаралық турнир бар. Солардан кейін толық құрамды бекітеміз. Турнирге өте мықты спортшылар келді. Көпшілігінде жарақат та болды. Бірақ бәрі Алланың қолында. Қазірше бірінші орын алғандар Ливерпульге жолдама алады, – деді Сәтжанов.

Бапкердің айтуынша, 70 келі салмақта ел намысын Төрехан Сабырхан қорғауы ықтимал. Ол соңғы төрт жылда Өзбекстанның бес бірдей мықты боксшысын жеңіп, «өзбек боксының қорқынышы» атанған. Бұған дейін бұл салмақта бірінші нөмір ретінде Абылайхан Жүсіпов, ал екінші нөмір болып Төрехан Сабырхан көрсетілген болатын.

– Құрамға дәл қазір нақты ешкім бекітілген жоқ, бірақ Төреханның Ливерпульде шаршы алаңға шығу ықтималдығы жоғары, – деп түйіндеді бапкер.

Еске сала кетейік, Төрехан – 2023 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы, ал оның ағасы Махмұд Сабырхан – әлем және Азия чемпионы.