Месси мансабын Сауд Арабияда жалғастыруы мүмкін

Месси мансабын Сауд Арабияда жалғастыруы мүмкін
Футбол

BBC

Аргентина құрамасы мен АҚШ-тың «Интер Майами» клубының шабуылшысы Лионель Месси алдағы уақытта Сауд Арабияға ауысуы ықтимал, деп хабарлайды Bassport.kz.

L’Équipe басылымының дерегінше, Сауд Арабиялық «Аль-Ахли» клубы аргентиналық жұлдызды 2025 жылдың соңында аяқталатын келісімшартынан соң қатарға қосуды жоспарлап отыр. Клуб басшылығы бірнеше аптадан бері Мессиді өз ұсынысына көндіруге тырысуда. Қаржылық шарттар нақты айтылмағанымен, Сауд Арабия 2034 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын ел ретінде Мессиді өз чемпионатына тарту үшін бар күшін салмақ.

Бұған дейін БАҚ-та «Аль-Ахли» клубының Мессиге «Аль-Наср» сапындағы Криштиану Роналду алған шарттармен тең келісім ұсынып жатқаны айтылған.

Еске сала кетейік, Лионель Месси «Интер Майами» құрамында 2023 жылдың жазынан бері ойнап келеді. Осы уақыт ішінде ол 62 матчқа қатысып, 50 гол соқты және 24 нәтижелі пас берген.

Месси — сегіз дүркін «Алтын доп» иегері. Ол футболдағы жолын Аргентинадағы «Ньюэллс Олд Бойз» академиясынан бастады. Кейін «Барселона» және «Пари Сен-Жермен» клубтарында өнер көрсетті.