Тони Кроос: «Реалға» менің профилімдегі ойыншы жетіспейді

Футбол
Fondoruso.ru
Мадридтік «Реал» клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Тони Кроос клубтық әлем чемпионатындағы команда ойынына пікір білдіріп, бас бапкер Хаби Алонсоның жұмысын бағалады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Неміс футболшысы 2024 жылдың жазында «Реалдан» кетіп, 10 маусымдық мансабына нүкте қойған еді. Ол қазіргі құрамға не жетіспейтінін атап өтті.
– «Реалға» менің профилімдегі ойыншы жетіспейді. Қазір клуб дәл сондай футболшыны іздеп жүр. Бірақ ондай деңгейдегі ойыншылар өте аз. Барын алып келу де оңай емес, – деді Кроос Gazzetta dello Sport басылымына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Тони Кроос «Реалдың» жаңа бас бапкері Хаби Алонсо туралы да пікір білдірді:
– Оның жұмысын бағалау әлі ерте. Уақыт керек. Өз идеяларын енгізіп, өзгеріс әкелу үшін бапкерге мүмкіндік берілуі тиіс. Германияда, атап айтқанда, Леверкузеннің «Байерінде» ол тамаша жұмыс атқарды. Мен Хабидің «Реалда» да қажет түзетулер жасап, сәтті нәтиже көрсете алатынына сенемін. Құрамда сапалы ойыншылар көп, бәрі жақсы болады деп ойлаймын, – деді Кроос.
Айта кетейік, «Реал» клубтық әлем чемпионатының 2025 жылғы маусымындағы жарысты жалғастырып жатыр. Жартылай финалда команда француздық «ПСЖ»-мен кездеседі.