"Ертіс" жаңа бас бапкерін таныстырды

Футбол
Ринат Алюетов
Павлодарлық «Ертіс» командасының бас бапкері болып 35 жастағы қазақстандық маман Ринат Алюетов тағайындалды, деп хабарлайды Bassport.kz KazFootball.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы Ринат Алюетов бұған дейін Қазақстан Премьер-Лигасының «Жетісу», «Жеңіс», «Тұран» және «Каспий» клубтарын басқарған. Сонымен қатар ол 2023 жылғы Бірінші лигадағы чемпиондық маусымда «Елімай» командасының бас бапкері Самат Смақовтың көмекшісі болған.
Одан бөлек, Ринат Алюетов Өскемендегі «Алтай» футбол орталығында жаттықтырушы болып жұмыс істей жүріп, жас футболшылармен тәжірибе жинаған. Сондай-ақ ол «Жетісу» жастар командасында және Қазақстанның 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасында жұмыс істеген.