Садық Айбек: “Дүниежүзілік гимназиядада Қазақстанның көк туын желбіреткім келеді”

Бес жылдан бері бокспен айналысып келе жатқан Айбек Садық үшін ринг – өмірінің бір бөлшегі. Ол талай жарыстарда топ жарып, өз мықтылығын дәлелдеп үлгерген. Енді алдағы басты мақсаты – Сербияның Златибор қаласында өтетін дүниежүзілік гимназияда жарысында ел намысын қорғау.
Бокста алғашқы жетістіктерін Айбек бірден ең жоғары белестерден бастаған жоқ. Алғашқы екі жарысында үшінші орыннан көрінген. Көп ұзамай беделді турнирлерде жеңіске жетіп, өзінің деңгейін дәлелдеді.
“2024 жылы Грецияда өткен халықаралық жарыста чемпион атанып, үздік боксшы атағын жеңіп алдым. Одан кейін “AUYL SPORT” республикалық турнирінде жеңімпаз атандым. Рысмағамбетов Нұрболат Сабырұлының турнирінде де чемпион болдым. Бұдан бөлек, көптеген жарыстарда жүлде алдым. Бұл жолы да жеңіске жететініме толық сенемін,” – дейді Садық.
Іріктеу кезеңінде Ақмола облысында екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де сенімді жеңіске жетті. Алматыда өткен “AUYL SPORT” республикалық турнирінде қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен ұтты.
“Қазір дайындықты күшейтіп жатырмыз. Бапкерім Масабаев Мирас Шоқанұлының еңбегі зор. Бар күшімді салып, Қазақстанның көк туын әлемдік аренада желбіреткім келеді,” – дейді ол.
Болашағына жоспар құрып қойған Айбектің басты арманы – Олимпиада чемпионы атану. Ол қазақстандық бокс мектебінің дәстүрін жалғастырып, жаңа рекордтар орнатуды мақсат етіп отыр.
“Менің үлгі тұтатын спортшым – Данияр Елеусінов. Оның стилі қатты ұнайды, соған еліктеймін. Алдағы жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, біртіндеп Олимпиадаға жолдама алуды қалаймын,” – дейді жас боксшы.
Садық Айбектің алдағы басты сынағы – дүниежүзілік гимназияда. Бұл жарыс оның спорттық мансабында үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілекшіміз!