Жәнібек Әлімханұлы қарсыласын нокаутпен құлатуға уәде берді

Бокс
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы франциялық Анауэль Нгамиссенгемен өтетін жекпе-жекте жеңіске жететініне сенімді.
Қазақстандық боксшы қарсыласының екі чемпиондық белбеуді тартып алмақ болған мәлімдемесіне қатты жауап қайырды:
«Біреу 5 сәуірде менің екі белбеуімді алатынын айтып жатыр. Барлығыңыз білесіздер, 5 сәуірде ол құлаған сәтте үлкен нокаут пен жер сілкінісі болады», – деп жазды Әлімханұлы.
Бұл кездесу Жәнібек үшін мансабындағы алғашқы бірыңғай чемпиондық жекпе-жек болмақ. Ол WBO титулын 2022 жылы иеленсе, 2023 жылдың соңында IBF белбеуін жеңіп алған. Франциялық Нгамиссенге – кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрмеген амбициялы үміткер. Жекпе-жек 5 сәуірде Астанада өтеді.