Түркістанда велоспорттан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты сәтті аяқталды

Түркістанда велоспорттан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты сәтті аяқталды
Велоспорт

29 наурыз күні Түркістанда велоспорттан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты мәресіне жетті.

Алты күнге созылған бәсекеде еліміздің 18 өңірінен келген 200-ге жуық велошабандоз жекелей жарыс, топтық жарыс және командалық эстафета бойынша сынға түсті.

Чемпионаттың соңғы күнінде паралимпиадашылар арасында 15 шақырымға жекелей жарыс өтті. Бұл сайысқа 30 спортшы қатысты. Сонымен қатар, жарыстың халықаралық деңгейін арттырған маңызды сәт – Өзбекстаннан келген 8 велошабандоздың «Гран-при Түркістан» сайысына қатысуы болды.  

Түркістан қаласының табиғи ерекшеліктері мен инфрақұрылымы велоспортқа қолайлы екенін тағы бір дәлелдеген бұл чемпионат елдегі қысқы велоспорттың дамуына серпін берді. 

Чемпионаттың ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан велоспорт федерациясының бас хатшысы Жетес Сүлейменов, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы Николай Лопатин және Қазақстан паралимпиадашылар федерациясының президенті Кенжеғұл Сейтжан қатысқан болатын.

Айта кетейік, бұл – Түркістанда өткен алғашқы республикалық қысқы чемпионат емес. Қала бұған дейін де веложарыстарды қабылдап, кәсіби, паралимпиадалық және халықаралық деңгейдегі велоспортты дамытуда маңызды орын алып келеді