Бұл Азиаданың бұрынғы Азиададан қандай өзгешелігі бар?

Бұл Азиаданың бұрынғы Азиададан қандай өзгешелігі бар?
Басқа

Тұрар Қазанғапов

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан ІХ Қысқы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 137 спортшымен сынға түсіп, қазіргі сәтте 17 медаль жеңіп алды. Азиада ресми түрде ертең аяқталады, ал бүгін ел спортшылары мәнерлеп сырғанау, биатлон және хоккей бойынша сынға түсуде.

Биатлоннан ерлер мен әйелдер құрамасы күміс және қола медаль еншіледі. Ал мәнерлеп сырғанаудың нәтижесі бүгін шығады, хоккей додасы ертең аяқталады.

Бұл жолғы Азия ойындары Қазақстан спортшылары үшін оңай болған жоқ. Бірқатар мықты қарсыластар сапында Олимпиада чемпиондары мен әлемдік деңгейдегі тәжірибелі спортшылар өнер көрсетті. Соған қарамастан, қазақстандық шорт-трекшілер қарсыластарынан басым түсіп, жүлдеге ие болды. Ал фристайл-акробатика спортшылары ел тарихындағы үздік нәтижелердің бірін тіркеді.

Қазақстан құрамасы бұған дейін жоғары нәтиже көрсетіп жүрген бірнеше спорт түрі биылғы Азиада бағдарламасына енген жоқ.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналиннің айтуынша, Қазақстан құрамасы бұл сынға лайықты қатысып, бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізді.

— Біздің спортшылар мықты қарсыластармен тартысқа түсті. Кейбір спорт түрлері бағдарламаға енбей қалғаны да алтын санының аздығына әкелді. Мысалы трамплиннен секіру мен могуль жарыстары өткізілген жоқ. Бұл спорт түрлерінен Қазақстанда әлем чемпиондары мен жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары бар еді. Сондай-ақ аңғы жарысында бұған дейін алтын медаль алып жүрген классикалық қашықтықтар алынып тасталды. Биатлонда 10-20 шақырымдық пурсит, 15-20 шақырымдық жеке жарыс, 12,5-15 шақырымдық жаппай старт болмады.


Десе де спортшыларымыз қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз шеберлігін көрсетті. Әсіресе, шорт-трек пен фристайл-акробатикадаға нәтижелер көңіл қуантарлық. Олимпиада чемпиондарынан басым түскен фристайл-акробаттар Қазақстанның бұл спорт бойынша болашағы зор екенін көрсетті. Биатлоншыларымыз да өз деңгейінде өнер көрсете алды. Жалпы бұл жарыс жаңа олимпиадалық циклде спортшыларымызға маңызды тәжірибе берді, — деді Руслан Есеналин.

Қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы жүлде саны бойынша төртінші орында тұр. Үздік үштікке Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония енді.