«Менің жеңісімді тартып алды». Қазақстандық боксшы әлем чемпионатындағы жеңілісінен кейін мәлімдеме жасады

Бокс
ҰОК
Қазақстандық боксшы Жайна Шекербекова Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында жеңіліс тапқаннан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Bassport.kz Sport Ministri парақшасына сілтеме жасап.
54 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Шекербекова жартылай финалға шығу үшін сербиялық Сара Чирковамен жұдырықтасты. Тартысты өткен кездесуде төрешілер 4:3 есебімен жеңісті турнир қожайынына берді.
«Бұл кездесу мен үшін өте маңызды болды. Турнир қожайынына қарсы рингке шығу психологиялық тұрғыдан қиын еді. Қарсыласым – Париж Олимпиадасының қатысушысы, өте мықты боксшы. Соған қарамастан, мен бұл жекпе-жекке тыңғылықты дайындалдым.
Алғашқы раундтан кейін қарқынымды үдетіп, шабуылға көштім. Шешуші, үшінші раундта кездесудің бағытын өзгертуге тырыстым. Жаттықтырушыларым да алға ұмтылу керектігін айтты.
Менің ойымша, бұл жекпе-жекте менің басымдылығым анық болды. Екінші және үшінші раундтарда айқын жеңдім. Бірақ спортта мұндай жағдайлар жиі кездеседі – турнир қожайынына қарсы шықсаң, жеңісті еш күмәнсіз, басымдықпен алуың керек», – деді Шекербекова.
Айта кетейік, ширек финалда жеңіске жеткен Сара Чиркова әлем чемпионатының жүлдесіне таласуды жалғастырады, ал Шекербекова үшін бұл турнир аяқталды.