Министр ШЫҰ-ға мүше елдердің спорт саласындағы басшыларын Дүниежүзілік көшпенділер ойынына шақырды

Министр ШЫҰ-ға мүше елдердің спорт саласындағы басшыларын Дүниежүзілік көшпенділер ойынына шақырды
Басқа

Алматыда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласына жауапты министрлік басшыларының кеңесі өтті. Жиында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту мен нығайтудың маңызды мәселелері талқыланды.

ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спорт – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан ШЫҰ кеңістігінде спорттың дамуына үлес қосуға мүдделі екенін жеткізді.

Министр Қазақстанның дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатының маңызды бағытының бірі – бұқаралық спортты дамыту екенін айтты.

Бүгінгі күні дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындар ел халқының жалпы санының 40,4 %-ын құрайды. 2021 жылдан бастап спорт секцияларын жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттік спорт тапсырысын іске асыру тетігі енгізілді. Нәтижесінде бүгінгі таңда 240 мың бала мен жасөспірім 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін барады.

«Бүгінгі кездесуде дене шынықтыру және спорт саласын одан әрі дамыту бойынша өз тәжірибеміз бен көзқарасымызды ортаға салудың мүмкіндігі туып тұр. Тәжірибе алмасу және жаңа бастамаларды талқылау арқылы біз ұйым кеңістігінде ғана емес, әлемде де бірлескен күш-жігермен спорттық күн тәртібін қалыптастыра аламыз. Сонымен қатар біздің спортшылар спорт бәсекелерінде бір-біріне негізгі қарсыластар саналады. Десе де, дәл осындай бәсекелестік біздің спортшыларымыздың тәжірибесін арттыруға зор мүмкіндік береді», - деді Ермек Маржықпаев.

Айта кету керек, 2023 жылы Қазақстан спортшылары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер аумағында 50-ден астам жаттығу жиынын өткізді. Іс-шараға қатысушылар бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы идеяларын айтып, спорттық медицина және ғылым саласында тәжірибе алмасу және ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Жиын соңында Ермек Маржықпаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру мен спорт саласына жауапты министрлік басшыларын 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.