Жамбы атудан Түркістан облысының құрамасы ел чемпионы атанды

Жамбы атудан Түркістан облысының құрамасы ел чемпионы атанды
Басқа

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жамбы атудан 2007-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында ІХ Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды BasSport.kz.

5-10 маусым аралығында Талдықорған қаласында өткен дүбірлі додаға еліміздің 12 аймағынан келген 40-қа жуық спортшы қатысты. 

Мергендер жарысында «Мажар стилінен» сынға түскен Түркістан облысының саңлағы Лесбек Ғұмыр барлық қарсыласын қапы қалдырып, І орынды қанжығасына байлады. Ол «Жамбы стилі» бойынша да алдына жан салмады. Сондай-ақ «Жамбы стилінде» түркістандық Рауан Советхан күміс жүлдегер атанды.

Құралайды көзге атқан мергендер арасындағы бәсекенің басты жүлдесін «Тайтұяқты» Түркістан облысының мергені Ғұмыр Лесбек алды. Осылайша ол Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы болды.

Аса тартысты өткен жарыста Түркістан облысының спортшылары командалық І орынды иеленді. 

Айта кетейік, Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірттерінен құралған спортшылар ел біріншілігінде өңір намысын жоғары дәрежеде қорғады.