"Ирандық балуаннан бес рет жеңілгем": Азамат Дәулетбеков қалай есе қайтарды

Күрес

Еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, Астанадағы сары құрлық додасын қорытындылады. Әңгіме барысында құрама көшбасшысы лицензиялық әлем чемпионаты мен Азия ойындарына, әлемдегі атышулы екі қарсыласына және жан-жаққа тарыдай шашылған ресейлік балуандарға тоқталып өтті.

- Азамат, күрестен лицензиялық әлем чемпионаты – биылғы жылдың басты додасы болмақ. Олимпиада қарсаңында бұл жарыс одан әрі тартысты өтетін шығар...

- Қазір күрес барлық елде қарқынды дамып жатыр. Одан бөлек, Ресей, Иран, Америка сынды осы спорт түріндегі алып мемлекеттер бар. Парижге жолдама беретін жарыста ешкім аянып қалмайтыны анық. Қазір менің салмағымда әлемнің екі мықтысы бар. Ирандық Хасан Яздани мен америкалық Дэвид Тейлор ешкімге бет қаратпай тұр. Бірақ тек осы екеуімен шектелмеу керек. Өйткені, барлық спортшы еңбектенеді, барлығы да жеңісті көздейді. Қазір ресейлік балуандар әлемнің көптеген еліне тарап кетті. Мысалы, жақында аяқталған Еуропа чемпионатында Грекия атынан сынға түскен ресейлік Дәурен Куруглиев топ жарды. Сан-Марино атынан сынға түсетін америкалық балуан бар. Әзірбайжанды да ұмытпау керек. Ресей де әлем чемпионатына қатысатын сияқты. Егер бұл ақпарат расталса, Олимпиаданың қола жүлдегері атанған Артур Найфонов та қатарға қосылары сөзсіз. Рас, Олимпиада қарсаңындағы чемпионат өте тартысты өтеді. Сондықтан бізге еш босаңсымай, тынбай дайындалу қажет.

- Әлем чемпионатында жолдама алу мәселесі қалай шешіледі?

- Бұрын әлемдік сында алғашқы алты орынға ие болған балуандарға жолдама берілетін. Енді тек бес адамға лицензия беріледі. Үшінші орын үшін күресіп, ұтылған балуандар өзара бір жолдаманы сарапқа салады. Ал қалған төрт жолдаманы алтын, күміс және екі қола жүлдегер иеленді. Бұл сында жолдамасыз қалғандар үшін құрлықтық және әлемдік іріктеу сындары өткізілетіні белгілі.

- Құрама үздігі ретінде сіз де медальға, лицензияға басты үміткерсіз ғой...

- Әрине, бірақ жолдама туралы көп ойламаймын. Бәрі уақытымен болады. Біз еңбектенеміз, тер төгеміз, бар білгенімізді сол кілемге тастап кетеміз. Аянып қалмаймыз. Бұл – анық. Ал қалғанын кілем көрсетеді.

- Жақында екінші рет Азияның алтынын иелендіңіз. Үнемі ұстамды көрінетін едіңіз, бұл жолы сезімге ерік бердіңіз...

- Достарым да айтып жатыр... Азия чемпионатын емес, ирандық қарсыласты жеңгеніме қуанғандай көрінгенім рас. Негізі, мен финалда күрескен ирандық балуанмен бес рет кездесіп, бесеуінде де ұтылғанмын. Осы жолы бірінші рет оның алдын орадым. Оның үстіне, жарыс өз жерімізде өтіп жатыр. Залдағы жанкүйерлер де ерекше қолдау көрсетті. Сондықтан бар эмоциямды кілемде шығардым.

 - Қолдау демекші, отбасыңыз да жарыс трибунасынан үнемі табылады. Өзіңіз ертіп жүресіз бе?

- Иә. Уақыт өтіп жатыр, өмір зымырауда. Біз бала кезден спортты таңдап, түздің адамы болып кеткенбіз. Үйде өте сирек боламыз. Отбасымызға айтарлықтай көңіл бөлмейміз. Сол себепті, әйелім, балаларым мен ата-анамды өзім күрескен кезде шама келгенше ертіп жүремін. Астанадағы чемпионатқа да алып келдім. Олардың қолдауы маған ерекше күш береді.

- Үнемі сыртта жүресіз, оқу-жаттығу жиынынан босамайсыз. Жарақат та кедергі болатын кездер бар. Күреске келгеніңізге өкінбейсіз бе?

- Еш өкінішім жоқ. Күресті бала кезден таңдадым. Өмірлік таңдауыма айналды. Жарақат алғанда, жеңілістер көбейіп кеткенде біраз қынжылатыным рас. Бірақ қолымды бір сілтеп кететіндей күйге түскен емеспін. Қанша қиын сәттер болса да, спортты тастаймын деген ой болған жоқ.

- Өз белдесулеріңізді қайталап көріп тұрасыз ба? Мәселен, Тейлормен өткен белдесуді...

- Жастау кезімде жеңілген жекпе-жектерді көрмейтінмін. Есейген соң, бапкерлермен бірге қайтадан қарап, сараптап, қорытынды шығаратын болдық. Тейлормен өткен кездесуді де көрдім.

- Сіздің салмағыңыздағы азулы екі балуанды жеңу мүмкін бе? Әлеуметтік желіде көпшілік бұл екеуіне ешкімнің шамасы жетпейді деп топшылауда...

- Әрине, олар да адам ғой. Бізден артықшылығы – функционалдық және физикалық тұрғыда мықты. Бізге сол жағын қатты дамыту керек. Барлығын да кілем көрсетеді.


Сұхбаттасқан - Ақырыс Сейтқазы