Келесі Олимпиадаға дейін күтетін азаматқа ғана тұрмысқа шығамын – Әбиба Әбужақынова
Спортшының жеке мұрағатынан
Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында дзюдодан әйелдер арасында 48 келі салмақта ел намысын Әбиба Әбужақынова қорғаған болатын. Өкінішке қарай өз салмағында әлемдік рейтингіде 3-орында тұрған отандасымыз Олимпиада ойындарын 5-орынмен аяқтаған болатын. Спортшы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында алдағы мақсат-жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды Bassport.kz.
— Әбиба, Олимпиадан кейін жүлдеге қолыңыз жетпей қалғаны үшін қатты жылап, өкінгеніңізді жақсы білеміз. Оның бәрі де өтті де, кетті. Қазір қандай көңіл күйдесіз?
— «Уақыттың жазбайтын жарасы жоқ» деп жатушы еді ғой. Әрең дегенде өз-өзіме келіп қалдым. Десе де ішімді әлі де өкініш оты жандырып, күйдіріп тұр. Бірақ, қайдан, қалай жығылдым, сол жерден қайта солай тұруға серт еттім өзіме.
— Кеше, жеке бапкеріңіз, «егер Әбиба Парижде жүлдегер атанса, спорттан қол үзбек болған» деді. Бұл қаншалықты рас?
— Негізі, ондай ой болғаны рас. Дзюдодан қазақ қыздары арасында мен тұңғыш рет әлем чемпионатының жүлдегері атандым. Олимпиада ойындарында да тура солай алғашқы қазақ қызы болғым келген. Өкінішке қарай Парижде ол мүмкіндік ұстатпай кетті. Бірақ, бәрі бір сол арманға, сол мақсатқа қол жеткізбей тоқтамаймын бел буып отырмын. Лос-Анджелестің ауылы да алыс емес. Әне-міне дегенше олда келіп қалады.
— Қазір бүкіл жұрттың назары олимпиадашыларымыз да екені айтпасақ та түсінікті. Әлеуметтік желілерді қаншалық қарайсыз? Өзіңіз туралы қандай пікірлер айтылып жатыр?
— Әлеуметтік желіге көп қарай бермеймін. Отыратын уақыт та бола бермейді. Бірақ, арасында инстаграм желісіне қосыламын. Өзім жайында айтылған, жазылған пікірлерге де көз қырымды саламын. Осы жолы бір байқағаным өзім туралы жаман пікірлер, көзқарастар кездестірген жоқпын. Мен көрген пікірлерде «Әбиба жасыма, жылама, әлі өмірің алда, келесі Олимпиадада аласың, біз саған сенеміз, қайта татамиға орал» деген сияқты пікірлерді көріп жатырмын. Оның өзі маған үлкен медеу болды. Жақсы сөз жарым ырыс деген ғой, мен осыдан кейін де өз-өзімді қайта қолға ала бастадым. Арманым Олимпиаданың медалін алып, қазақ спортының тарихын жаңарту.
— Қазіргі арманыңыз тек Олимпиада медальі ма? Басыңызға ақ орамал тағып, ақ көйлек киіп, «аппақ» келін атану ойыңызда жоқ па?
— Негізі, осы Олимпиадада сол арманым орындалғанда міндетті түрде болашақ жарымды тауып, тұрмысқа шығып, бесігімді тербетіп үйде отырғым келген. Осы жолы жеңіліп қалғаннан кейін ол ойымнан айнып қалдым. Қазір жігітім де жоқ. Егер мені түсініп, 2028 жылғы Олимпиадаға дейін күтемін деген азамат болса, тұрмысқа шығуға дайынмын.