«Түн ортасында оятып, шақырып алды». Қазақстандық қорғаушы «Барысқа» қалай шақырту алғанымен бөлісті

«Түн ортасында оятып, шақырып алды». Қазақстандық қорғаушы «Барысқа» қалай шақырту алғанымен бөлісті

«Барыс» ХК

«Барыстың» сырт айдында «Сібірге» қарсы өткізген матчында қорғаушы Данил Бутенко Құрлықтық хоккей лигасында дебюттік матчын өткізді. Данил Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 2023 жылғы әлем чемпионатында өнер көрсеткен. Алайда «Барыста» дебют жасау мүмкіндігі енді ғана бұйырды.

Астанада «Куньлунь Ред Старға» (0:2) қарсы ойыннан кейін Данил Бутенко BasSport.kz тілшісіне сұхбат беріп, Лигадағы дебют пен кездесу туралы пікірімен бөлісті.

- Бүгінгі ойында барлығы барын салды, тек гол соға алмадық. Екінші кезеңде ойын сәттерін соңына дейін жеткізбедік. Соққыны да аз жасадық, басты себеп осы.

- Қарсылас шабуыл жасауға мүмкіндік берді. Алайда шешуші соққы жасау қолдан келмеді. Неге?

- Қарсыласымыз қорғаныста жақсырақ ойнады. Біз жақсы шабуылдар ұйымдастырғанымызбен, шайбаны қақпаға кіргізе алмадық.

- Лигадағы дебют. Екі матч өткіздіңіз. Алған әсеріңіз қандай?

- Дебюттен алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр сәтті соңына дейін жеткізіп ойнап, әрі қарай да дами түсу үшін барымды саламын.

- Негізгі команда сырт айдында болғанда, «Номад» Астанада «Ертіспен» ойнады. Сіз бір кездесуден Новосібірге аттандыңыз. «Барыс» сапына шақырту алғанда, қандай сезімде болдыңыз?

- Мені түн ортасында оятып алды десем болады (күлді). Заттарыңды жина деді, алғашында түсінбей қалдым. Одан соң келесі күні матчқа қатысатынымды, дайын болуым керектігін айтты.

- Командада ауқымды өзгерістер орын алды. Қазіргі ішкі атмосфера қалай?

- Бас бапкер бәрімізге бірдей ойын уақытын береді. Бәрімізде команда үшін, әріптестеріміз үшін ойнауға, барымызды салуға деген ынта бар. Біз үшін плей-офф басталып кетті десек те болады. Әр матч маңызды. Алда біраз ойын бар. Мақсатымыз – плей-офф кезеңіне шығу.

- Бұрын командада басымдық легионерлерге берілген болса, енді бар жауапкершілік сіздерге артылып отыр.

- Психологиялық тұрғыдан біз дайынбыз. Жанкүйерлеріміз бар, әрдайым олардың қолдауын сезінеміз. Бүгін 6 мыңдай жанкүйер келіп, бізге қолдау көрсетті. Бұл бізге бұдан да жақсырақ ойнай түсуге мотивация береді.