Дастан Сатпаевты Англия құрамасының аңызына теңеді

Футбол
KFF
«Кайрат» шабуылшысы Дастан Сатпаевтың ойыны шетел сарапшыларының назарын аудартты. Chelsea Loan Armyатты Х-аккаунт (бұрынғы Twitter), «Челси» клубының жалдауда жүрген ойыншыларының өнерін бақылайтын парақша, жас футболшының соңғы ойынын жоғары бағалады, деп хабарлайды Bassport.kz.
25-тур аясында өткен «Қызылжарға» қарсы кездесуде 17 жастағы Сатпаев алматылық клубқа жеңіс сыйлаған жалғыз голдың авторы атанды.
Chelsea Loan Army парақшасы ойын сәтінің бейнежазбасын жариялап, Сатпаевты Англия құрамасы мен «Ливерпульдің» аты аңызға айналған шабуылшысы Майкл Оуэнмен салыстырды:
«Дастан Сатпаев тағы да гол соқты. Оның бойынан Майкл Оуэнге ұқсас бір нәрсе байқалады», — деп жазды ағылшын жанкүйерлері.
Айта кетейік, Дастан Сатпаев 2026 жылы 18 жасқа толған соң «Челси» клубының қатарына қосылуы тиіс. Қазіргі уақытта ол «Кайрат» сапында өнер көрсетіп жүр.