Норвегиямен ойында бір ұпай алғанымызға қуаныштымыз - Абат Айымбетов
Vesti.kz
Алматыдағы Орталық стадионда футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы кезекті матчын өткізіп, тең есепке қол жеткізді. Ойыннан кейін Bassport.kz тілшісі Қазақстан ұлттық құрамасы мен "Адана Демирспор" клубының шабуылшысы Аба Айымбетовпен сұхбаттасты.
- Абат, Ұлттар лигасындағы алғашқы ұпай құтты болсын. Бүгінгі ойын туралы қысқаша айтып өтсең...
- Өз алаңымызда өтсе де біз үшін бүгінгі ойын өте қиын болды. Бапкердің жоспарын, тактикасын орындап шықтық деп ойлаймын. Холанд, Эдегор бастаған үздік, шеберлігі жоғары ойыншыларға қарсы қарсы тұрдық. Алайда бүгін біз жақсы ойын өрнегін көрсете білдік. Ұйымшыл ұжым болдық десе болады. Жігіттерге мың алғыс. Әсіресе бірінші таймда жақсы ойнады. Норвегияның шабуылына төтеп берді. Біздің әуелдегі мақсатымыз да қарсылас құрамаға қарсы бастапқы 20 минутта гол өткізбей ойнап, ары қарай да қорғаныста белсенді ойнау болды. Бұл ойында бір ұпай алғанымызға қуаныштымыз.
- Біздің әсіресе ойыншылар қорғаныста керемет өнер көрсетті. Бұл бас бапкер Черчесовтың арнайы тактикасы ма, әлде басқа да нұсқаулар берілді ме?
- Иә, бұл бапкердің арнайы тактикасы болды. Екінші таймда тактика бойынша ешқандай өзгерістер болған жоқ. Бірінші таймда қалай өнер көрсеттік, ойынның екінші бөлігінде де солай ойнауға тырыстық. Қорғана жүріп, қарымта шабуылға шығып отырдық. Өз мүмкіндіктерімізді барынша пайдалануға бар күшімізді салдық. Бір ұпай алғанымызға да шүкір етеміз.
- Стадиондағы атмосфера жайлы білгіміз келеді. Астана аренамен салыстырғанда қандай айырмашылық бар?
- Керемет. ойынға келіп, бізге қолдау білдірген жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Екі стадиондағы ойынды салыстырар болсам, бұл жақтағы ойынның өзгешеліктері де бар. Себебі бұл қаланың ауасы бөлек. Ол футболшыларға сезілетін шығар. Толық ашылмағанша бастапқы кезде ентігу болады. Ал, атмосфера жағына келер болсам, Орталық стадиондағы қолдау да, ойын да Астана аренадан еш кем емес.
- Әңгімеңізге рахмет. Жеңісті күндеріңіз көп болсын.