Кеңес Рақышев: Париж Олимпиадасының жолдамасы әлем чемпионатында емес, Азия ойындарында үлестіріледі

Кеңес Рақышев: Париж Олимпиадасының жолдамасы әлем чемпионатында емес, Азия ойындарында үлестіріледі
Бокс

Қазақстан бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышев 2024 жылғы Париж Олимпиадасына іріктеу турнирі қалай өтетінін айтты, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.

Биыл біздің команданы үш маңызды жарыс күтіп тұр. Атап айтар болсақ, бокстан Үндістанда өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионаты, Өзбекстанда өтетін ерлер арасындағы әлем чемпионаты және Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары боксшылар үшін жылдың ең ірі бәсекесі саналады. Өкінішке қарай, биылғы әлем біріншілігі Олимпиадаға іріктеу турнирі санатына енбейді. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті мәлімдеді, - дейді Кеңес Рақышев.

Токио Олимпиадасының қарсаңында да боксшылар арасындағы лицензиялық турнирді ХОК ұйымдастырған болатын.Есесіне, жазғы Азия ойындарында Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады екен.

Сол сыннан соң әрі қарайғы жоспарларымыз да анық бола түспек. Азия ойындарында лицензия алмағандар үшін әлемдік іріктеу турнирі ұйымдастырылмақ. – дейді федерация басшысы.

Айта кетелік, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дейін төртжылдық додасынан бір жыл бұрын өткізілетін әлем біріншілігінде Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын. Алайда Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылдан бастап бұл жүйеге өзгеріс енгізіп, іріктеу турнирлерін толығымен өз мойнына алған. Жазғы Азия ойындары 2023 жылдың 26 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді.