"Даниярдың уақыты өтіп жатыр, ал Жәнібекке көп ақша салмайды": отандық менеджер кәсіби боксшылар жайлы не айтты

Бокс

Елімізге белгілі матчмейкер Жалғас Тукешов отандық кәсіби боксшылардың жекпе-жегі неліктен азайып қалғанын түсіндірді. Маманның айтуынша, промоутерлердің көп ақшаны қимай қалуының салдарынан сапалы әрі қызықты кездесулер өтпей жатыр, деп жазады Bassport.kz.

Жанкүйерлер жекпе-жек уақытын білмей қалады

 - Қазіргі таңда кәсіби боксшыларымызбен өтетін кездесулер көп емес. Бір жағынан, былғары қолғап шеберлерінің халыққа ақпаратты дер кезінде жеткізбегені де кедергі келтіруде. Мәселен, 1 маусым күні Абылайхан Құсайынов есімді боксшымыз Мәскеуде кездесу өткізеді. Мұны көп ешкім біле бермейді, себебі, олар әлеуметтік желіні дұрыс жүргізбейді. Халықты хабардар етпейді. Қостанайлық алыбымыз Жан Кособуцкий де шілде айында өте маңызды жекпе-жекке шығады. Оның қарсыласы қарымды. Жанкүйерлер «проспект» атап кеткен, 14 кездесудің біреуінде де жеңілмеген талантты америкалық Джерад Андерсон. Осындай қажетті дүниелер халыққа жетпей жатыр. Егер аталған жекпе-жекті отандық телеарналар көрсетсе, нұр үстіне нұр болары анық.

Ал Қазақстандағы бокс кештерінің тоқтап қалғаны анық. Өзіме қатысты айтар болсам, мен АҚШ-қа виза алдым. Сол жақта менеджерлік қабілетімді жетілдіруге асықпын. Яғни, промоутерлік қызмет бойынша үзіліс жарияладым. Басқа промоутерлік компанияларға қатысты ештеңе айта алмаймын.

Қарсылас неге әлсіз?

Соңғы кезде отандық кәсіби боксшылардың орта немесе төмен деңгейлі қарсыластарды алып кеп жатқаны рас. Мұның бәрі ақшаға және демеушілерге байланысты. Егер демеушілер жақсы қаражат бөлсе, жақсы қарсыластар келеді. Ал арзан ақшаға арзан боксшы ғана келіседі. Егер рейтингі де, шеберлігі де жоғары боксшылармен жұдырықтассын десек, қаражатты да аямау қажет.

Иә, қазақтың кәсіби боксшыдары Алматы мен Астанада жекпе-жек өткізеді де, Африканың бір жерінен қарсылас таңдап алады. Неге Африка? Өйткені африкалық боксшылардың гонорарлары төмен. Ал Америкадан қарсылас таңдасақ, оның гонорары да, шығыны да көп. Біздегі промоутерлік компаниялар осы шығыннан қашса керек...

Меніңше, шығынға қарамастан қарымды қарсыластарды алып келсе, ауқымды әрі есте қаларлық бокс кештерін ұй ымдастыруға болады. Өкінішке қарай, менеджерлер көбіне танымалдығы да, шеберлігі де жоқ боксшыларды әкелуге құмар. Сапаға жұмыс істейтін адам ірі көлемде қаражат жұмсауға дайын болуы керек деп ойлаймын. Ұсақ-түйек он жекпе-жектен гөрі, сапалы екі кездесу өткізіп, ТОР-100 қатарына енуге мүмкіндік бар.

Жәнібекке көп ақша салып жатқан жоқ

Қазір Top Rank-те Жәнібек Әлімханұлына көп қаражат салып жатыр демеймін. Себебі Жәнібектің соңғы қарсыластарының барлығы одан деңгейі әлдеқайда төмен боксшылар. Мысалы, Дензли Бентлер Жәнібектен мықты емес. Олар 12 раунд бойы жұдырықтасқасын қарсыласты қарымды санап жатқандар көп. Бар болғаны – ол Әлімханұлына ыңғайсыз қарсылас. Сол ғана...Top Rank-тегі мықты боксшылармен кездесу үшін әлеуеті де, ақшасы да мол қарсыластарды ұту керек.

Даниярдың алтын уақыты өтіп жатыр...

Қазақтың батыр ұлы Данияр Елеусінов менеджерлерімен соттасқалы жатыр. Олардың қарым-қатынасы жайлы ештеңе айта алмаймын. Себебі бұл -  боксшы мен менеджер арасындағы жағдай. Ал Данияр менің бауырым, жақсы араласамыз. Әуесқой бокста оған бағынбаған биік жоқ. Кәсіби бокстағы әлеуеті де жаман емес. Мықты тұжырымдар бойынша алғашқы ондыққа еніп жүрді. Оның сотта жеңіп шығуына тілектеспін. Ең өкініштісі – Даниярдай мықты боксшының алтын уақыты осындай сотпен өтіп жатыр. Елеусінов қазақ боксының басты үміттерінің бірі еді.