Шавкат Рахмоновқа UFC-ден жекпе-жекке ұсыныс түсті

Шавкат Рахмоновқа UFC-ден жекпе-жекке ұсыныс түсті
Жекпе-жек

CentralAsia.media

UFC жартылай орта салмағы рейтингінің үшінші сатысында тұрған қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (19-0) дивизионның үздік спортшыларының бірінен жекпе-жекке ресми шақырту алды, деп хабарлайды Bassport.kz.

Америкалық Шон Брэди (18-1), рейтингте екінші орында, Рахмоновпен биыл қарашада Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында өтетін UFC 322 турнирінде жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді.

— Бір кішкентай құс маған Шавкаттың қараша немесе желтоқсанда оралуы мүмкін екенін сыбырлап айтты. Мен жекпе-жекке тезірек шығуға дайынмын, бірақ егер керек болса, күтіп, MSG турнирінде онымен кездесуге әзірмін. Бұл картта Джек пен Ислам да болады, — деді Брэди Essentially Sports-қа берген сұхбатында.

Айта кетейік, UFC 322 турнирі жылдың басты оқиғаларының бірі болмақ. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, кештің басты жекпе-жегінде жартылай орта салмақтағы чемпион Джек Делла Мадаллена (18-2) мен жеңіл салмақтан көтеріліп келе жатқан Ислам Махачев (27-1) кездеседі.

Дегенмен, Брэдидің ұсынысы Рахмонов үшін оңай уақытта айтылған жоқ. Жуырда Шавкаттың отбасысы Алматы – Екатеринбург тас жолында ауыр жол апатына ұшырағаны белгілі болды. Бұл жағдайдан кейін америкалық спортшы жанашырлық танытып, былай деді:

— Бұл (шақырту) жексенбі күні таңертең жазылған. Біз ол кезде ештеңе білмедік. Барлық зардап шеккендердің отбасысына дұға етемін, — деп пікір білдірді Брэди.

Шавкат Рахмонов әзірге қарсыластың ұсынысына жауап берген жоқ. Алайда бұл екі мықты спортшының мүмкін болатын жекпе-жегі UFC 322 турнирінен кейінгі басты оқиғаға айналуы әбден мүмкін.