Дастан Сатпаевтың ойыны Ламин Ямальмен салыстырылды

Дастан Сатпаевтың ойыны Ламин Ямальмен салыстырылды
Футбол

Vesti.kz

Алматыда өткен Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі матчтан кейін 16 жастағы Дастан Сатпаевтың ойынына жоғары баға берілді. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.

29 шілдеде Алматыдағы Орталық стадионда өткен матчта «Қайрат» финляндиялық КуПС клубын 3:0 есебімен ұтып, екі ойынның қорытындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алды. Бірінші кездесуде 0:2 есебімен жеңілген Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері жанкүйерлер алдында сенімді жеңіске жетті.

Ойынның басты кейіпкері – небәрі 16 жастағы жартылай қорғаушы Дастан Сатпаев. Ол есеп ашып, үшінші голға нәтижелі пас беріп, көпшіліктің назарын өзіне аудартты.

Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы, футбол сарапшысы Асқар Қожабергенов жас футболшыны испаниялық «Барселонаның» жұлдызы Ламин Ямальмен салыстырды:

— Маусым басынан бері Сатпаевтың ойындарына қарап отырмыз. Оның ойындағы сабырлығы мен кәсіби футболға тез бейімделуі таңғалдырады. Бұл – Қазақстан футболы үшін ерекше құбылыс. Ламин Ямаль 16 жасында Еуропада жарқырап жүр, ал бізде ондай ойыншы болмай ма деген пікірлер бар. Міне, дәлелі – Сатпаев.

Сарапшы сонымен қатар бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің де рөлін атап өтті:

– Бапкер ойыншыны бірден жүктемемен баспай, оны ақылмен алаңға шығарып жүр. Бұл дұрыс тәсіл. Жас ойыншыны асықтырмай дамыту – өте маңызды.

Сондай-ақ, ол «Қайрат» клубының президенті Қайрат Боранбаевтың еңбегіне де тоқталды:

– Боранбаев академияны жүйелі түрде дамытып келеді. Бүгінгі жетістік – соның нәтижесі.

Еске салайық, енді «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» клубымен кездеседі.