Қазақстан семсерлесуден әлем чемпиондарын жеңіп, тарихи жетістікке қол жеткізді

TeamQazaqstan
Семсерлесуден Қазақстан ұлттық құрамасы өз тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізіп, әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Бұл – еліміздің семсерлесу спорты үшін бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік.
Ұлттық құрама әлем чемпионатының ширек финалында қазіргі әлем чемпионы саналатын Италия құрамасын сенсациялық түрде жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жеңісті кездесуде Қазақстан атынан Кирилл Проходов, Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов және Эльмир Әлімжанов өнер көрсетті.
Жартылай финалда жерлестеріміз Токио Олимпиадасының чемпионы әрі Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Жапония құрамасына қарсы күресіп, тартысты бәсекеде аз ғана айырмашылықпен есе жіберіп қойды. Енді Қазақстан құрамасы қола медаль үшін тоғыз дүркін Олимпиада чемпионы Франциямен жекпе-жек өткізеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары семсерлесу спорты елімізде айтарлықтай дамып келеді. 2019 жылдан бастап ұлттық құрамамен шетелдік мамандар жұмыс істей бастады. Бұл өзгерістердің нәтижесінде Қазақстан семсерлесушілері бірнеше халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуде.
Мысалы, 2023 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құрама қола медаль иеленсе, 2024 жылғы Азия чемпионатында ерлер сапының құрамасы тоғыз жылдан кейін алғаш рет чемпион атанды. Ал Азия ойындарында финалға дейін жетті.
Бүгінгі таңда ерлер сапы құрамасы әлемдік рейтингте 5-орында тұрса, жекелей есепте Руслан Құрбанов 8-орынға тұрақтаған.
Туризм және спорт министрлігі халықаралық тәжірибені отандық спортқа енгізу, спортшылардың біліктілігін арттыру және әлемдік аренада ел абыройын көтеру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.