Qaton-Qaragai Trail – 2026: Катонқарағайда үшінші рет трейл жарысы өтті

Qaton-Qaragai Trail – 2026: Катонқарағайда үшінші рет трейл жарысы өтті
Басқа
6 шілде күні Шығыс Қазақстан облысында үшінші рет «Qaton-Qaragai Trail» жаяу жүгіру жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Bassport.kz. Спорттық шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, трейлраннингті дамыту.

Жарысты Катонқарағай ауданының әкімдігі мен «El Sport» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бас демеуші – Kaz Minerals тобы.

Катонқарағай ауылының маңында өткен додада қатысушылар 5, 10 және 20 шақырым қашықтықтарда бақ сынады. Жүгірушілер Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Сарымсақты» бағыты бойымен орман ішімен жүгірді.

Жарысқа екі жүзге жуық спортшы қатысты. Олардың қатарында халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары болды. Қатысушылар Астана, Алматы, Өскемен, Көкшетау, Семей, Қарағанды қалаларынан және Шығыс Қазақстан облысының аудандарынан келді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Kaz Minerals тобының атынан ақшалай сыйақы табысталды. Сондай-ақ жастар санатында, әйелдер мен ерлер арасында үздік шыққан спортшыларға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналған сыйлықтар берілді.

5 шақырым қашықтықта ерлер арасында Мұқанов Арнұр (22:03), Жүнісов Әсет (22:04), Закирьянов Талгат (23:30) үздік үштікке енді. Әйелдер арасында Оралбек Ақнұр (30:15), Троцюк Шынар (32:04) және Юсиф Тахмина (35:14) жүлдегер атанды.

10 шақырымда Абылханов Сұңқар (44:49) мен Алдырбаева Светлана (52:41) чемпион атанды. Ал 20 шақырымда 18–39 жас санатында Әбішов Руслан (1:38:32), 40 жастан жоғары санатта Шпекбаев Нұржан (1:46:38), әйелдер арасында Тукина Құралай (2:23:29) жеңіске жетті.

Ұйымдастырушылар Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығына, сондай-ақ ақпараттық серіктестер BASSPORT пен Mystart интернет басылымдарына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.