Милад Карими Азия чемпионатына қатыспайды
Басқа
Фото: Olympic.kz
Қазақстан құрамасының көшбасшы гимнастарының бірі Милад Карими Қытайдың Цзуньи қаласында өтетін спорттық гимнастикадан Азия чемпионатын өткізіп алады, деп хабарлайды Bassport.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Кимнің мәліметінше, тәжірибелі спортшы Бейжіңде өткен оқу-жаттығу жиыны кезінде жарақат алған.
«Милад Карими бірлескен оқу-жаттығу жиынының екінші аптасында жарақат алды. Тексеру нәтижесінде қабырғасында жарық бар екені анықталды. Енді оның толық қалпына келуі үшін бірнеше апта қажет. Қатты ауырсыну сезілмегенімен, біз спортшының денсаулығына қауіп төндірмеуді жөн көрдік. Сондықтан оның орнына Нұртан Идрисовты қостық. Сонымен қатар Қытайға Эмиль Ахмеджановты шақырттық. Ол қосалқы спортшы ретінде команда құрамында болады. Әрине, бұл жағдай командаға әсер етпей қоймайды. Себебі Милад Азия чемпионатында Қытай, Жапония, Тайбэй және Филиппин құрамаларының жетекші гимнасттарымен бәсекелесе алатын біздің негізгі спортшымыз еді», – деді Александр Ким.
Каримидің орнына ұлттық құрама сапына Нұртан Идрисов енгізілді. Ал Эмиль Ахмеджанов жарысқа қосалқы спортшы ретінде қатысады. Осылайша, Цзуньидегі құрлық біріншілігінде Қазақстан намысын мына спортшылар қорғайды:
Ильяс Азизов;
- Дмитрий Патанин;
- Роман Хегай;
- Дияс Тойшыбек;
- Нұртан Идрисов;
- Эмиль Ахмеджанов.
Айта кетейік, спорттық гимнастикадан Азия чемпионаты 18-21 маусым аралығында Қытайдың Цзуньи қаласында өтеді.