AUYL SPORT Kazakhstan командасы Қырғызстанда қола жүлдегер атанды
2026 жылғы 20-27 маусым аралығында Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Тамға ауылында 2011 жылы туған және одан кіші қыздар арасында баскетболдан Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Анатольевич Носковты еске алуға арналған II Халықаралық Ұлттар Кубогы өтті. Турнирді Қырғыз Республикасының мемлекеттік және спорт ұйымдарының қолдауымен Бішкек қаласының «Баскетбол федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Жарыс Ыстықкөл көлінің оңтүстік жағалауындағы Қырғыз Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Тамға» әскери санаторийінің базасында өтті. Кешен халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арналған заманауи спорттық инфрақұрылыммен жабдықталған.
Турнирдің барлық кездесуі Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) ресми ережелеріне сәйкес өткізілді. Бұл қатысушылардың халықаралық жарыстардағы тәжірибесін арттырып, спорттық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берді.
Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстаннан 10-нан астам команда қатысты. Турнир халықаралық спорттық тәжірибе алмасуға, жас баскетболшылардың шеберлігін арттыруға, мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және балалар мен жасөспірімдер баскетболын дамытуға ықпал етті.
Қазақстан намысын AUYL SPORT Kazakhstan командасы қорғады. Ұжым Қостанай облысы Әулиекөл ауылының қыздарынан жасақталған және «Ауыл Спорт - 2025» республикалық турнирінің баскетболдан қыздар арасындағы жеңімпазы. Команданың бас бапкері – Игорь Сероус.
Команданың халықаралық турнирге қатысуы Тимур Құлыбаевтың «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылатын AUYL SPORT жобасы аясында қамтамасыз етілді. Қор жол жүру, тұру, тамақтану және ұйымдастыру шығындарын толық қаржыландырды.
Турнир қорытындысында AUYL SPORT Kazakhstan командасы III орынды иеленіп, II Халықаралық Ұлттар Кубогының қола жүлдегері атанды.
Сонымен қатар, команда ойыншысы Сарсенбай Айару турнирдің «Үздік қорғаушысы» атанды.
AUYL SPORT жобасы 2024 жылдан бері «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Жоба ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, дарынды спортшыларды анықтап, қолдауға және олардың спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған.