Теннистің халықаралық федерациясы енді World Tennis атауымен жұмыс істейді
1913 жылдан бері әлемдік теннисті басқарып келе жатқан ұйымның ребрендингі ұзақ мерзімді даму стратегиясының бастамасы саналады. Жаңа стратегия корт ішінде де, одан тыс жерде де барлық жастағы және түрлі деңгейдегі адамдарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған.
World Tennis президенті Дэвид Хаггерти жаңа атау ұйымның жаһандық миссиясын және теннистің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге деген ұмтылысын көрсететінін айтты.
«Бүгін бізде әлемдік теннистегі рөлімізді қайта пайымдап, осы тамаша спорт түрінің мықты әрі тұрақты болашағын қамтамасыз етуге деген ұстанымымызды тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік туды. World Tennis біздің кім екенімізді, жаһандық ауқымымызды және ерекше миссиямызды көрсетеді. Біздің мақсатымыз – 214 ұлттық қауымдастықпен және теннис қауымдастығының барлық мүшесімен бірлесіп, әлемнің барлық өңірінде теннисті дамыту. Бұл бұқаралық қатысуды арттыруды, болашақ жұлдыздарды даярлау жүйесін жетілдіруді және жасына, жынысына немесе шыққан тегіне қарамастан баршаға тенниске қолжетімділікті кеңейтуді қамтиды».
Жаңа стратегия аясында World Tennis бес негізгі бағытты айқындады: тенниспен айналысатындар санын арттыру, болашақ жұлдыздарды даярлау жүйесін дамыту, ұлттық құрамалар арасындағы командалық турнирлерді күшейту, инновацияларды енгізу және спорттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ әлемдік тенниске қосымша инвестиция тарту.
Ұйым бұдан бөлек жыл сайынғы табысының кемінде 85 пайызын 214 ұлттық қауымдастық арқылы теннисті дамытуға қайта инвестициялауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ World Tennis 2035 жылға қарай теннис ойнайтын адамдар санын 106 миллионнан 140 миллионға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл көрсеткіш 30 пайыздан астам өсімді білдіреді.
Дереккөз: ktf.kz