Біржан Оразов маусым соңында «Қайраттан» кетеді
Sportburo.kz
Қазақстан футзал құрамасының көшбасшыларының бірі Біржан Оразов маусым аяқталғаннан кейін «Қайрат» футзал клубы сапынан кететінін ресми түрде мәлімдеді.
Футзалшы әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлерге үндеу жасап, бұл шешімнің жеке қабылданғанын жеткізді.
«Соңғы жаңалықтарға байланысты ресми мәлімдеме жасағым келеді. Маусым соңында жанкүйерлермен әдемі қоштасуды жоспарлаған едім, бірақ ақпарат ерте тарап кетті. Сондықтан бұл шешімді сіздерге өзім айтуды жөн көрдім. Соңғы 8 жыл бойы «Қайраттың» намысын қорғадым. Енді жаңа мақсаттар қойып, жаңа сынақтарға дайын болғым келеді», — деді Оразов.
Біржан Оразов соңғы сегіз жыл бойы алматылық клубтың негізгі ойыншыларының бірі болды. Ол осы маусымды командамен аяқтап, содан кейін жаңа клубқа ауыспақ.
Айта кетейік, Оразов 2022 жылы футзалдан Еуропа чемпионатында 7 гол соғып, «Алтын бутсы» жүлдесін алған алғашқы қазақстандық атанған еді. Сондай-ақ ол Қазақстан құрамасы сапында 70-тен астам матч өткізіп, ұлттық команданың үздік ойыншыларының қатарына енді.
Бұдан бөлек, Біржан Оразов 2024 жылғы әлем чемпионатында Испания қақпасына матчтың 7-секундында гол соғып, мундиаль тарихындағы ең жылдам голдардың бірінің авторы атанды.
2025/2026 жылғы маусымда ол «Қайрат» футзал клубы сапында 46 матч өткізіп, 29 гол соқты.