UFC алғаш рет Сербияда турнир өткізеді
MMAPUNCH
Әлемдегі ең ірі аралас жекпе-жек ұйымы – Ultimate Fighting Championship өз тарихында алғаш рет Сербияда турнир өткізетін болды.
1 тамыз күні Сербия астанасы Белград қаласында UFC Fight Night 282 турнирі өтеді. Әзірге жарыстың толық кард тізімі мен басты жекпе-жегі ресми жарияланған жоқ.
UFC ұйымы Сербиядағы турнирді ел спортшыларының жетістіктерімен байланыстырды. Ұйым мәлімдемесінде сербиялық файтерлердің соңғы жылдары жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүргені ерекше атап өтілді.
Атап айтқанда, жартылай орта салмақта UFC рейтингінің 13-орнында тұрған Урош Медич кәсіби мансабында 13 жеңіс, 3 жеңіліс көрсеткішіне ие.
Сондай-ақ Душко Тодорович «Dana White’s Contender Series» жобасы арқылы UFC-мен келісімшартқа қол қойып, орта салмақта 13-6 рекордын тіркеген.
Ал жартылай ауыр салмақта рейтингтің 12-сатысында тұрған Александар Ракич дивизиондағы тәжірибелі әрі мықты спортшылардың бірі саналады.
UFC өкілдерінің айтуынша, осы спортшылар Сербиядағы MMA мектебінің әлеуетін көрсетіп отыр және ұйымның Белградта турнир өткізу шешіміне ықпал еткен.