Еуропадағы жолымыз ширек финалда аяқталды

Еуропадағы жолымыз ширек финалда аяқталды
Футзал

Кеше UEFA Futsal Champions League турнирінің ширек финалында қазақстандық клубтар маңызды матчтарын өткізді. Өкінішке қарай, бұл кезең біздің командалар үшін соңғы белес болды. Тартысқа толы кездесулерде жанкүйерлер эмоцияға бай ойын көргенімен, нәтиже көңіл көншітпеді.  

«Семей» футзал клубы өз матчында соңына дейін бар күшін салды. Команда ойын барысында белсенді қимылдап, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда тартысты кездесуде қарсылас — «Этуаль Лаваллуаз» сәл басым түсіп, матч 2:3 есебімен аяқталды. Ойын өте шиеленісті өтті: екі команда да жылдам шабуылдарға шығып, қауіпті сәттер жасады. «Семей» ойыншылары есепті теңестіруге тырысқанымен, соңғы минуттарда гол соғу мүмкіндігі болмады.

Ал алматылық АФК «Қайрат» клубы да ширек финалда «Картахена»-ға қарсы ауыр матч өткізді. Команда қарсыласына 7:4 есебімен жол беріп, турнирдегі жолын тоқтатты. Ойын барысында қарсылас белсенді шабуыл жасап, бірнеше жылдам гол соқты. «Қайрат» та өз кезегінде нәтижелі шабуылдар ұйымдастырып, қарсылас қақпасына төрт гол соққанымен, матч тағдырын өзгерте алмады.

Осылайша, қазақстандық клубтардың Еуропадағы биылғы жолы ширек финалда аяқталды.

Дәуренқызы Еркенұр