«Реал» Ла Лигаға қарсы сотқа жүгінді

«Реал» Ла Лигаға қарсы сотқа жүгінді
Футбол

СКГ

«Реал Мадрид» клубы Ла Лига ұйымына қарсы сотқа шағым түсірді. Даудың себебі — кәсіби футболдағы кемсітушілікке, зорлық-зомбылыққа және қудалауға қарсы қабылданған жаңа хаттама.

Аталған құжат 2026 жылдың 20 ақпанында бекітіліп, стадиондардағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған. Бұл бастама наурыз айының соңында таныстырылып, Испанияның Ішкі істер министрлігі бастаған мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапқан.

Алайда Реал Мадрид жаңа хаттамамен келіспей отыр. Клуб соттан бұл құжатты жарамсыз деп тануды талап етіп, оның барлық клубтарға міндетті емес, ерікті түрде қолданылуын сұраған.

Сонымен қатар мадридтік клуб хаттаманың күшіне енуін уақытша тоқтатуды да сұраған, бірақ сот бұл талапты Ла Лига жағының пікірін алмайынша қараудан бас тартты.

Бұл шешім Испания чемпионатындағы өзге клубтардың таңданысын туғызды. Өйткені олардың басым бөлігі жаңа ережені қолдап, оны футболдағы зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке қарсы маңызды қадам деп санайды.

Бір қызығы, Реал Мадрид клубының мұндай жағдайларға арналған өзінің ішкі ережелері бар. Сондықтан клубтың Ла Лига хаттамасына қарсы шығуы футбол ортасында түрлі пікір тудырып отыр.