25 жылдық белес: Астанада Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының мерейтойы өтті
Астанада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға Орталықтың негізгі серіктестерінің бірі, Тимур Құлыбаевтың "Halyk" қайырымдылық қорының өкілдері арнайы қатысты.
Мерейтойға мемлекеттік органдар, спорт федерацияларының басшылары, ғылыми және педагогикалық қауымдастық мүшелері, сала ардагерлері мен серіктестер жиналды. Шара барысында Орталықтың ширек ғасырлық қызметі қорытындыланып, мектеп спортын дамыту мен дене тәрбиесі жүйесін жетілдірудегі еңбегі атап өтілді. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.
"Halyk" қорының атқарушы директоры, "Auyl Sport" жобасының авторы Ғалымбек Жақсылықов құттықтау сөзінде серіктестіктің нақты нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, меморандумға қол қойылмай тұрып-ақ орталық жобаға қолдау көрсетіп, өңірлерде өткізілуіне атсалысқан.
— Өткен жылы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесіп, "Auyl Sport" чемпиондары Дүниежүзілік гимназиядаға жолдама алды. Нәтижесінде жас спортшылар үш алтын және бір қола медаль жеңіп қайтты. Алдағы уақытта жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлау бағытында бірлескен жұмыстар жалғасады, — деді Ғалымбек Жақсылықов.
Іс-шара барысында орталықтың алғашқы басшысы Анатолий Кожекенович Кульназаровқа Тимур Құлыбаевтың атынан шапан жабылып, 80 жылдық мерейтойымен құттықтау жасалды.
Орталықтың қазіргі басшысы Арман Ташметов "Halyk" қорымен серіктестікті нақты нәтижесі бар маңызды жоба деп бағалады. Оның айтуынша, ауыл балаларына мүмкіндік беру басты міндет.
— Біздің Олимпиада чемпиондарының көбі ауылдан шыққан. Бірақ жарысқа баруға, жолға, тіпті кимано алуға мүмкіндігі жоқ балалар бар. "Auyl Sport" сол мүмкіндікті беріп отыр», — деді ол.