Наурызнама: Астанада отбасылық «Ұлы дала ойындары» эстафетасы өтуде

Наурызнама: Астанада отбасылық «Ұлы дала ойындары» эстафетасы өтуде
Басқа

Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне арналған «Ұлы дала ойындары» атты отбасылық фестиваль басталды.

Аталған шарада әр команда әке, ана және 8-10 жас аралығындағы баладан құралып, үш кезең бойынша бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар ұлттық ойындар негізінде әзірленген, заманауи технологиялармен толықтырылған түрлі сынақтардан өтеді.  

«Бұл отбасылық эстафетаны біз екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Биылғы фестивальдің ерекшелігі — оның Жасанды интеллект жылы аясында өтуінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты біз Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізіп отырмыз. Фестивальға қатысушыларды жасанды интеллект элементтері енгізілген үш кезеңнен тұратын жарыс күтіп тұр. Әр команда үш адамнан — әке, ана және баладан құралды. Жалпы қатысушылар саны шектеулі, барлығы 12 команда. Қатысушылар мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріледі. Шараны тамашалайтын көрермендерге кіру тегін. Қала тұрғындары мен қонақтарын іс-шараға белсенді қатысуға шақырамыз», - деді қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгібаев.

Жарысқа қатысушы Саябек есімді әке бүгінгі жарыс жолына бірінші рет шығып тұр.  

«Өзіммен Саялы есімді қызымды алып келдім. Екеуіміз бірге жарысқа қатысамыз. Бүгін жеңіске жетеміз деп ойлаймын», - деді ол.

Тимур атты отағасы бүгінгі жарыс басқа отбасылармен танысып, достасуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Бүгінгі жарыс сондай-ақ отбасы мүшелерін салауатты өмір салтын ұстануға шақырады», - деді ол. 

Оның қызы 8 жасар Раяна бүгінгі жарысқа дайын екенін атап өтті. Сымбат Үсенова жарысқа жұбайы, баласымен қатысады. 

«Жарысқа дайынбыз. Бірінші рет қатысқалы отырмын. Өте қуаныштымын», - деді Сымбат.

Айта кетейік, отбасылық доданы Астана қаласының әкімдігі қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.