Бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты

Бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты
Басқа

Photostock

Қазақстанда бұқаралық спорт мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналып отыр. Бүгінде елімізде 8,5 миллионнан астам адам тұрақты түрде спортпен айналысады, бұл жалпы халықтың 44,5%-ын құрайды. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу жоспарланған.  

Балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда олардың 34,6%-ы спортпен шұғылданса, алдағы жылдары бұл үлесті 45%-ға дейін арттыру көзделген. Осы бағытта мемлекеттік спорттық тапсырыс тетігі тиімді жұмыс істеп, 228 мыңнан астам бала тегін спорт секцияларына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, «Бір бала – бір ваучер» қағидаты енгізіліп, балаларға үйірмелерді еркін таңдауға жол ашылды.  

Елімізде 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 400 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Спорт инфрақұрылымын дамыту да жүйелі түрде жүргізілуде: қазіргі қамтылу деңгейі 59,6%-ды құраса, бұл көрсеткішті 65%-ға дейін арттыру жоспарланған. Ауылдық өңірлерде 169 мыңнан астам спорт секциясының жұмыс істеуі қолжетімділікті арттыруға ықпал етуде.

Бұқаралық спортты дамыту аясында жыл сайын 25 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 1,5 миллионнан астам адам қамтылады. Бұл бастамалар қоғамда салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастырып, халықтың белсенділігін арттыруға бағытталған.  

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің олимпиадалық емес спорт және бұқаралық спортты дамыту басқармасының басшысы Айдос Есеналиевтің айтуынша, бұқаралық спорттың маңызы жылдан жылға артып келеді:

«Бұқаралық спорт – бұл тек ұлт саулығының негізі ғана емес, сонымен бірге қоғамның бірлігін нығайтатын маңызды тетік. Біздің басты міндетіміз – әрбір азамат үшін спорттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету», – деді ол.