Моңғолия спортшысы Махмұд Сабырханды Азия чемпионатында жеңіп, оны жарыс жолынан шығарды
ҚБФ
Моңғолияның Улан-Батор қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионаты 2026 аясында Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Махмұд Сабырхан жартылай финалда өнер көрсетті.
55 келіге дейінгі салмақтағы финал жолдамасы үшін өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы алаң иесі Хархуу Билгуунсайханмен кездесті. Бірінші раундта төрешілердің басым бөлігі (4:1) моңғол спортшысына басымдық берсе, екінші раундта барлық бес төреші де оның пайдасына шешім шығарды.
Қорытындысында Хархуу Билгуунсайхан бірауызды шешіммен (5:0) жеңіске жетіп, финалға шықты. Ал Махмұд Сабырхан құрлық біріншілігін қола жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, бұған дейін ширек финалда Махмұд Сабырхан өзбекстандық Шахзод Музаффаровты 4:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алған болатын.