Астанада отбасылық «Ұлы Дала Ойындары» фестивалі өтеді

Астанада отбасылық «Ұлы Дала Ойындары» фестивалі өтеді
Басқа

Сурет: Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметі

Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне арналған отбасылық «Ұлы Дала Ойындары» фестивалі өтеді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Эстафета үш кезеңнен тұрады. Әр командада әке, ана және 8-10 жас аралығындағы баласы бар отбасылар қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күні спорт алаңында отбасылық командалар – әкелер, аналар және балалар – ұлттық ойындарға негізделген және заманауи технологиялармен толықтырылған түрлі сынақтардан өтеді.

«Бұл отбасылық эстафетаны биыл екінші рет өткізгелі отырмыз. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – іс-шара Жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізуді жоспарлап отырмыз. Фестиваль барысында қатысушылар жасанды интеллект элементтері қолданылған 3 кезеңнен тұратын жарыс күтеді. Әр команда үш адамнан – әке, ана және бала болып құралған болуы керек. Жалпы қатысушылар саны шектелген: барлығы – 12 команда, яғни 180 адам қатыса алады. Қатысушылар мен жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болады. Қатысу тегін, көрермендер үшін де кіру тегін. Барлық қала тұрғындары мен қонақтарды шақырамыз», – деді қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Эстафета құрылымы I кезең – ұлттық спорт түрлері бойынша отбасылық эстафета

Әр команда мүшелері жеке эстафеталардан өтеді:

Әкелер эстафетасы:

• Садақ ату – нысанаға 90 ұпай жинағанша;

• Қошқар көтеру – 5 рет;

• Нарқұдық – таңдалған салмақты көтеру;

• Ләңгі тебу;

• «Сыйлық сандығы» – кілтті тауып, қаппен бірге мәреге жету.

Аналар эстафетасы:

• Шалқұймайқ эстафетасы – басындағы тостағанмен қашықтықты өту;

• Лабиринт – темір шарикті лабиринт арқылы өткізу;

• Хан арқан – сақиналарды тіректерге дәл лақтыру;

• Бес асық – дәстүрлі асық ойыны;

• Үлкен қасық асық – асықтарды үлкен қасықпен жинау.

Балалар эстафетасы:

• Асық ату – шеңберден асықтарды ату;

• Арқан Board – арқан үстінде скейтбордпен жүру;

• Көкпар Kids – балаларға арналған көкпар ойыны;

• Асық табу – нөмір бойынша асықтарды жинау;

• Jump with қап – қаппен секіру жарысы.

II кезең – интерактивті жарыстар AI технологияларын қолданатын заманауи сынақтар.

III кезең – финал Арқан тарту бойынша командалық сайыс.