«Мен оны құрметтемеймін». Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына сын айтты

«Мен оны құрметтемеймін». Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына сын айтты
Бокс

Instagram

Британдық боксшы Дензел Бентли орта салмақта WBO нұсқасы бойынша «уақытша» әлем чемпионы атанып, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына қатысты сын пікір білдірді.

4 сәуір күні Лондонда өткен жекпе-жекте Дензел Бентли венесуэлалық Эндри Сааведраны жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Аталған титулдық айқас WBO шешімімен ұйымдастырылды. Бұған Жәнібек Әлімханұлының өткен жылдың желтоқсан айында мельдонийге қатысты оң допинг-сынама беруіне байланысты бір жылға жарыстардан шеттетілуі себеп болған.

Жеңістен кейін Бентли қазақстандық чемпионға қатысты көзқарасын ашық жеткізді:

«Бір нәрсені нақтылайық: мен — әлем чемпионымын. Ол да чемпион, бірақ қазір оған жекпе-жек өткізуге рұқсат жоқ. Құрметпен қараймын, бірақ допинг қолданатындарды құрметтемеймін. Белбеуде “уақытша” деген жазуды көріп тұрсыз ба? Жоқ. Мен оны үйге алып кетемін, ұлым әкесінің әлем чемпионы екенін айта алады», — деді Дензел Бентли.

Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылған. Ал WBO оны чемпион мәртебесінде қалдырғанымен, бір жылдық дисквалификация қолданған.