Бүгін Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді
Милан қаласы. Сурет: Maja Hitij/Getty Images
Бүгін Италияның Милан қаласында XXV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Ашылу салтанаты Миландағы “Сан-Сиро” стадионында өтеді. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар шараны тек Миланда емес, Кортина-д-Ампеццо, Ливиньо, Предаццо қалаларында да өткізу туралы шешім қабылдаған. Себеп - тығыз жарыс кестесіне байланысты өзге қалаларда өнер көрсететін спортшылардың да ашылу салтанатына қатысуына жағдай жасау.
“Сан-Сирода” 1300 әртіс өнер көрсетеді деп жоспарланған. Шарада Италия мәдениеті мен тарихына баса мән беріліп, бірнеше ай бұрын өмірден өткен Джорджо Арманиді еске алып, оның жасаған туындылары қолданылады.
Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын 36 спортшы қорғайды. Жарыстың ресми ашылу салтанатында еліміздің көк туын Денис Никиша мен Аяулым Әмренова ұстап шығады.
Ашылу салтанаты Астана уақытымен сағат 00:00-де басталады. Оны еліміздің төрт - “Qazaqstan”, “Qazsport”, “Хабар” және “Jibek Joly” телеарналарв тікелей эфирде көрсетеді.