Талғат Байсуфинов Дінмұхаммед Қашкенге қатысты пікір білдірді

Футбол
KFF
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов орталық қорғаушы Дінмұхаммед Қашкеннің құрамаға шақырылуына байланысты пікір білдірді.
Маманның айтуынша, қорғаушылар шебінде мәселе туындаған сәтте бапкерлер штабы жылдам шешім қабылдауға мәжбүр болған.
– «Орталық қорғаушылар мәселесі туындағанда тез әрекет ету қажет болды. Маған Премьер-лиганың барлық ойыншысы бойынша деректер базасы ұсынылды. Шыны керек, мен таңғалдым. Қазір ҚФФ-тың жаңа жүйесіндегі база кеңейтілген, негізгі және резервтегі тізімдер автоматты түрде жасалады. Бұрын мұндай тәжірибе болған емес. Скаутинг бөлімі қазір жан-жақты және сапалы жұмыс істеп отыр. Бұған мен жастар құрамасымен жұмыс істеп жүрген кезде көз жеткізгенмін», – деді Байсуфинов.
Оның айтуынша, әр футболшының кандидатурасы жеке қаралып, нақты деректерге сүйеніп талқыланады.
– «Қазір бапкерлердің қолында әр ойыншының техникалық және физикалық көрсеткіштері, мінездемесі мен аналитикалық талдауы бар. Дінмұхаммед Қашкеннің кандидатурасы қарастырылғанда, барлық дерек оның пайдасына сөйледі. Техникалық-тактикалық параметрлері, модельдік сипаттары мен жасы құрама талабына толық сай келді», – деп атап өтті маман.
Айта кетейік, 22 жастағы Қашкен ел құрамасына алғаш рет шақырту алған болатын. Бірақ бұл жаңалық футбол жанкүйерлерінің наразылығын тудырды.