“Қайрат” қорғаушысы Еркін Тапалов маңызды матчтарға қатыспауы мүмкін

Қайрат ФК
«Қайрат» футбол клубының негізгі ойыншыларының бірі Еркін Тапалов жарақатына байланысты біраз уақыт алаңнан тыс қалуы ықтимал.
32 жастағы қорғаушы Чемпиондар лигасының «Реалға» қарсы өткен топтық кездесуінен кейін әлі толық қалыпқа келе қойған жоқ. Клубтың медициналық штабы футболшының нақты қашан қатарға қосылатынын әзірге хабарламады. Алайда оның жарақаты жоспарланғаннан ұзаққа созылғандықтан, Тапалов Қазақстан құрамасының алдағы матчтарына да шақырту алмаған.
Бұл «Қайрат» жанкүйерлері үшін жағымсыз жаңалық. Себебі Еркін Премьер-лиганың «Қызылжарға» қарсы ойынын және Чемпиондар лигасындағы «Пафоспен» болатын маңызды кездесуді өткізіп алуы мүмкін.
Айта кетейік, биылғы маусымда Еркін Тапалов «Қайрат» сапында барлық турнирлерде 26 ойын өткізіп үлгерді. Тәжірибелі қорғаушы команда қорғанысының негізгі тіректерінің бірі саналады.