Қазақстан құрамасы жаңа батуттық гимнастика жабдығымен қамтамасыз етілді

Еліміздің батуттық гимнастика шеберлері биылғы маусымда өткен Әлем кубогының екі кезеңінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, бір алтын және бір қола медаль жеңіп алды.
Бұл жетістіктер — елімізде осы спорт түрін жүйелі түрде дамыту мен инфрақұрылымды нығайтудың нақты нәтижесі.
Биыл ұлттық құрамаға екі жиынтық Eurotramp батуты мен бір «Скакун» фирмасының акробатикалық жолақ жабдығы алынған. Жаңа құрал-жабдықтар спортшылардың жаттығу сапасын арттырып, халықаралық жарыстарға дайындық деңгейін күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан гимнастика федерациясының айтуынша, жабдықтардың жаңартылуы — материалдық-техникалық базаны заманауи талаптарға сай жетілдірудегі маңызды қадам.
«Біз батуттық гимнастикаға арналған жабдықты сатып алуға қолдау көрсеткен Sport Qory қорының көмегіне зор алғыс айтамыз. Бұл – біздің спорт түріміздің дамуына жасалған үлкен үлес. Алдыңғы батуттар 2020–2021 жылдары алынған еді, ал бірнеше жылдан кейін базаны жаңартып, кеңейту мүмкін болды. Ендігі мақсат – жаңа медальдар мен халықаралық жетістіктерге қол жеткізу»
Қазіргі таңда жаңа жабдықтар ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында белсенді пайдаланылып жатыр. Бұл өз кезегінде қазақстандық гимнасттардың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.