Еуропа футзалдан ұлттық құраманың соңғы кездесуіне назар аударды

KFF
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропа чемпионаты–2026 іріктеуіндегі плей-офф кезеңіндегі сәтсіз ойыны шетелдік БАҚ-та да кеңінен талқыланып жатыр. Беларусьтің Sb.by порталы Италиямен өткен шешуші екі матчтың драмалы сәттерін ерекше атап өтті.
Материалда айтылғандай, финалдық кезеңге плей-офф арқылы соңғылардың бірі болып Бельгия, Венгрия, Грузия және Италия жолдама алды. Алайда ең қиын кездесулердің бірі дәл италиялықтар үшін болды. Топтық кезеңде Беларусьтен жеңілген «Скуадра Адзурра» плей-оффта мықты қарсылас – Қазақстан құрамасына тап келді. Тәжірибелі ойыншыларға бай қазақ командасы екі дүркін Еуропа чемпионын әбден әбігерге салды.
Алғашқы матчта Италия өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетсе, Астанада өткен жауапты ойында Қазақстан 3:2 есебімен басым түсті. Қос ойын қорытындысы тең аяқталып, жеңімпазды қосымша уақыт емес, пенальти сериясы анықтады.
Тарихта тұңғыш рет Еуропа чемпионатының іріктеуінде жолдама дәл осы әдіспен шешілді. Бұл сәтте Италия қақпашысы Юрий Беллобуононың шеберлігі шешуші рөл атқарды – ол қазақстандық ойыншылардың үш соққысын қайтарып, өз командасына жеңіс сыйлады.
Нәтижесінде 2:0 есебімен Италия финалдық кезеңге өтті. Ал ұлттық құрама бұл сында тағы да қағылды. Енді алдағы төрт жылда аталмыш жолдаманы қайта сарапқа салады.