Асхат Тағыберген алаңдағы ерсі қылығы үшін кешірім сұрады

Тобыл ФК
Қостанайлық «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген Қазақстан премьер-лигасының (КПЛ) 23-турында өткен «Астанаға» қарсы ойындағы қызыл қағаз үшін командасынан және жанкүйерлерінен кешірім сұрады, деп хабарлайды Bassport.kz «Серый CARDINAL» телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Ойынның 37-минутында ұлттық құраманың бұрынғы капитаны Иван Башичпен болған эпизодта қарсыласын жерге құлатқаннан кейін қосымша қимыл жасап, қызыл қағазбен алаңнан қуылды. Тағыберген ерсі көрінген бұл сәтті эмоцияға берілген әрекет деп түсіндірді.
«Менің қимылымда әдейі зақым келтіру немесе агрессия болған жоқ – бұл спорттық эмоция ғана еді. Матчтың чемпиондық маңызы зор екенін түсіндім, бірақ қарсыласқа жарақат салуды мүлдем ойлаған жоқпын. Әрине, командаға қиындық тудырдым, сол үшін әріптестерімнен кешірім сұрадым. Олар мені қолдады. Алда шешуші кездесулер бар, соңына дейін күресеміз», – деді Тағыберген.
Қос команда арасындағы кездесу тартысты өтті. «Тобыл» өз алаңында алғашқы голды соғып алға шыққанымен, «Астана» соңғы минуттарда басымдықты өз пайдасына шешті. 91-минуттағы жеңіс добы астаналықтарға маңызды үш ұпай сыйлап, турнир кестесінде бірінші орынға қайта көтерілуге мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда «Астана» еншісінде 50 ұпай бар. Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп жүрген «Қайрат» екінші орында, ал 44 ұпай жинаған «Тобыл» үшінші сатыда қалды.
Аталған матч қостанайлық клуб үшін чемпиондық додадағы шешуші кезең алдында ауыр соққы болды. Соған қарамастан, команда капитаны Тағыберген алдағы матчтарда бар күшін салып, жанкүйер сенімін ақтауға уәде берді.