Дастан Сатпаев Лига чемпиондарында үздік төрттікке енді

Қайрат ФК
«Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сатпаев УЕФА Лига чемпиондарының негізгі кезеңіндегі ең жас дебютанттардың бірі атанды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Ол Лиссабонда өткен «Спортингке» қарсы ойында (1:4) бастапқы құрамнан шығып, толық 90 минут ойнады. Бұл кездесуге дейінгі деректер бойынша, Дастан жалпы жас дебютанттардың ішінде 31-орында тұр.
Алайда алғаш рет өтінімге ілініп, бірден негізгі құрамнан алаңға шыққандар арасында ол үздік төрттікті түйіндеп тұр. Мұндай мәртебеге бұған дейін небәрі үш ойыншы ғана қол жеткізген: нигериялық Селестин Бабаяро («Андерлехт», 16 жас 2 ай 25 күн), «Барселонаның» экс-вингері Ансу Фати (16 жас 10 ай 17 күн) және бельгиялық Антони Ванден Борре («Андерлехт», 16 жас 10 ай 21 күн). Осы төртіктің ішінде тек Ванден Борре мен Сатпаев дебютінде толық матч өткізді.
Сонымен қатар Дастан – Лига чемпиондарының негізгі кезеңінде алаңға шыққан ең жас қазақстандық ойыншы. Егер ол 30 қыркүйекте «Реалға» қарсы өтетін үйдегі матчта гол соқса, Ансу Фатидің рекордын (17 жас 1 ай 9 күн) жаңарта алмайтыны анық, бірақ «Барселонаның» тағы бір жұлдызы Ламин Ямальды (17 жас 2 ай 6 күн) екінші орыннан ығыстыруға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, бұл кездесуде тағы бір қазақстандық рекорд тіркелді: 18 жастағы «Қайрат» қақпашысы Шерхан Калмурза пенальти қайтарған Лига чемпиондарындағы ең жас голкиперлердің бірі болды.