Шерхан Қалмырзаның дебютін Петухов жоғары бағалады

Футбол
Қайрат ФК
Экс-қақпашы Александр Петухов «Қайрат» жас голкипері Шерхан Қалмырзаның Лига чемпиондарындағы алғашқы ойынын жоғары бағалады, деп хабарлайды Bassport.kz Sports24.kz-ге сілтеме жасап.
«Ең алдымен Шерханды дебютімен құттықтаймын. Бұл – оның мансабындағы ерекше сәттердің бірі. Мұндай деңгейдегі қарсыластармен ойнау арқылы ол ойын қарқынын, орындаушылардың шеберлігін сезінді. Бұл – әрі қарай дамуға үлкен мотивация. Шерхан бірнеше маңызды эпизодта сенімді ойнап, команданы құтқарып қана қоймай, пенальтиді тойтарып жанкүйерлерді қуантты. Әрине, кейбір сәттерде толқу байқалды, бірақ бұл дебют үшін қалыпты жағдай», – деді Петухов.
Сарапшы жас қақпашының позиция таңдаудағы сауаттылығын да атап өтті.
«Ол көп жағдайда дұрыс позиция ұстап, шабуылдарды сәтті қайтарды. Мұндай дайындықта қақпашылар бапкері Илья Юровтың еңбегі де зор», – деп қосты ол.
Айта кетейік, «Қайрат» Лига чемпиондарының негізгі кезеңіндегі алғашқы матчында Лиссабонның «Спортингіне» 1:4 есебімен жол берді. Соған қарамастан, 18 жастағы Шерхан Қалмырза 21-минутта Мортен Юльманн орындаған пенальтиді қайтарып, жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленді.